ӨМІР ЖӘНЕ ДЕНСАУЛЫҚ ТУРАЛЫ ҒЫЛЫМДАР САЛАСЫНДА ДЕРЕКТЕРДІ БАСҚАРУДЫҢ ОЗЫҚ ТӘЖІРИБЕСІН ЖҮЙЕЛЕУ

22 қыркүйек 2026 31
ӨМІР ЖӘНЕ ДЕНСАУЛЫҚ ТУРАЛЫ ҒЫЛЫМДАР САЛАСЫНДА ДЕРЕКТЕРДІ БАСҚАРУДЫҢ ОЗЫҚ ТӘЖІРИБЕСІН ЖҮЙЕЛЕУ

2026 жылғы 22 қыркүйек, Алматы. С.Д. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде «Өмір және денсаулық туралы ғылымдар саласында деректерді басқарудың озық тәжірибесін жүйелеу» тақырыбында воркшоп өтті.

Іс-шараға Қазақстанның әр өңірінен 150-ден астам ғалым мен сарапшы қатысты. Олардың қатарында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының академиктері, жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттарының басшылары, ғылыми қоғамдастық өкілдері, салалық сарапшылар және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері болды.

Воркшопты Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы АҚШ Ұлттық ғылым, инженерия және медицина академияларымен (NASEM) және Халықаралық ғылыми-техникалық орталықпен (МНТЦ) бірлесіп ұйымдастырды.

Кездесу барысында өмір және денсаулық туралы ғылымдарды цифрландыру, ғылыми және биомедициналық деректерді басқару, ғылыми зерттеулерде, клиникалық практикада және білім беру саласында жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды қолдану мәселелері талқыланды.

Сонымен қатар биотехнология саласындағы деректерді басқаруға, репродуктивті денсаулық саласында цифрлық технологияларды қолдануға, сондай-ақ өмір және денсаулық туралы ғылымдарды дамытуда жасанды интеллект пен үлкен деректердің мүмкіндіктерін пайдалануға ерекше назар аударылды.

Жоба аясында Қазақстанда жүргізілген институционалдық сауалнаманың нәтижелері де таныстырылды. Сауалнама еліміздің ғылыми және медициналық ұйымдарында ғылыми және медициналық деректерді жинау, сақтау, өңдеу, пайдалану және алмасу тәжірибесін зерделеуге бағытталды. Алынған нәтижелер өңделіп, жүйеленіп, талданды.

Бұл воркшоп ҚР ҰҒА мен NASEM арасындағы бірлескен жоба аясындағы үшінші жұмыс кездесуі болды. Бұған дейінгі кездесулерге Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының, Біріккен Ұлттар Ұйымының, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері, сондай-ақ отандық және шетелдік сарапшылар қатысты.

Кездесу қорытындысы бойынша ғылыми деректерді басқарудың заманауи тетіктерін дамыту, ғылыми зерттеулерге цифрлық технологияларды енгізу, сондай-ақ Қазақстан мен Орталық Азияда өмір және денсаулық туралы ғылымдар саласындағы деректермен жұмыс істеудің тиімді тәсілдерін қалыптастыруға бағытталған жобаның алдағы кезеңдері талқыланды.

НАН РК