ҚР ҰҒА ПРЕЗИДЕНТІ АҚЫЛБЕК КҮРІШБАЕВ МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВТЫҢ ГЕРМАНИЯ ЖОО БАСШЫЛАРЫМЕН КЕЗДЕСУІНЕ ҚАТЫСТЫ
30 қыркүйекте Берлин қаласында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Германияның жетекші университеттерінің ректорларымен және ғылыми институттарының басшыларымен кездесу өткізді.
Кездесуге Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының президенті, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры, академик Ақылбек Қажығұлұлы Күрішбаев қатысты.
Кездесу барысында ғылым, жоғары білім, бірлескен зерттеулер және технологиялар трансфері салаларындағы Қазақстан–Германия ынтымақтастығын одан әрі дамыту мәселелері талқыланды. Бүгінде Қазақстанның 45 жоғары оқу орны Германияның 100-ге жуық серіктесімен ынтымақтастық орнатқан, ал 2 мыңға жуық қазақстандық студент Германияда білім алуда.
Мемлекет басшысы Қазақстанның Еуразиядағы жетекші академиялық және ғылыми-зерттеу орталықтарының біріне айналуды стратегиялық мақсат етіп отырғанын атап өтті. «Ғылыми зерттеулер жаңа технологияларды жасауға алып келуі тиіс, ал білім беру жүйесі экономиканы жоғары білікті мамандармен қамтамасыз етуге тиіс», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент алдағы әріптестіктің үш негізгі бағытын айқындады: бірлескен білім беру бағдарламаларын дамыту, ғылыми зерттеулерді кеңейту және технологиялар трансферін жандандыру. Сонымен қатар университеттер, ғылым және өндіріс арасындағы өзара байланысты күшейтуге, халықаралық ғылыми кооперацияны дамытуға және жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастыққа ерекше назар аударылды.
Мемлекет басшысы белгілеген басымдықтар Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы үшін де айрықша маңызға ие. Бүгінгі міндет – халықаралық ғылыми байланыстарды кеңейтумен ғана шектелмей, оларды экономика мен қоғам үшін нақты практикалық нәтиже беретін бірлескен зерттеулерге, технологиялық әзірлемелер мен жобаларға ұластыру.
Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы отандық ғылыми-зерттеу институттарының, жоғары оқу орындарының, ғалымдар мен сарапшылар қауымдастығының әлеуетін біріктіре отырып, Қазақстан–Германия ғылыми әріптестігін дамытуға белсенді үлес қосуға дайын. Академия бірлескен ғылыми зерттеулерді іске асыруға, халықаралық ғылыми коллаборацияларды дамытуға, озық технологиялар трансферіне және ғылыми нәтижелерді экономиканың нақты секторына енгізуге арналған ғылыми әрі сараптамалық алаң ретінде қызмет етуге дайын.
Ғылым, білім және өндірістің осындай өзара ықпалдастығы Қазақстанның жаһандық ғылыми-технологиялық кеңістіктегі орнын нығайтуға берік негізін қалайды.