ҚР ҰҒА-ДА КАСПИЙ ТЕҢІЗІНІҢ ОРНЫҚТЫ БОЛАШАҒЫНА БАҒЫТТАЛҒАН ҒЫЛЫМИ ШЕШІМДЕР ТАЛҚЫЛАНДЫ

01 қазан 2026 22
ҚР ҰҒА-ДА КАСПИЙ ТЕҢІЗІНІҢ ОРНЫҚТЫ БОЛАШАҒЫНА БАҒЫТТАЛҒАН ҒЫЛЫМИ ШЕШІМДЕР ТАЛҚЫЛАНДЫ

2026 жылғы 1 қазан – Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясында «Каспий теңізі: проблемалары, келешегі және орнықты даму мүмкіндіктері» атты халықаралық конференция өтті. Іс-шара Қазақстан-Неміс университетімен бірлесіп, Германияның академиялық алмасу қызметі (DAAD) мен Ханнс Зайдель қорының қолдауымен ұйымдастырылды.

Конференция Қазақстан мен өзге елдердің ғалымдарын, сарапшыларын, мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдар мен бизнес өкілдерін бір алаңға тоғыстырды. Талқылаудың негізгі өзегіне Каспий теңізі деңгейінің төмендеуі, климаттың өзгеруі, су ресурстары мен биоалуантүрліліктің жай-күйі, сондай-ақ олардың өңірдің экологиялық қауіпсіздігіне, инфрақұрылымына, энергетикасына, көлік саласы мен экономикасына әсері арқау болды.

Конференцияны ашқан Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев жүйелі шешімдер әзірлеу үшін ғылыми әлеуетті біріктірудің маңыздылығын атап өтті.

«Каспий деңгейінің төмендеуі, климаттың өзгеруі, су ресурстары мен биоалуантүрліліктің жай-күйі экологиялық қауіпсіздікке, жағалау инфрақұрылымына, энергетикаға, көлікке, экономикаға және миллиондаған адамның өмір сүру сапасына тікелей әсер етеді. Бұл сын-қатерлер жекелеген салалар мен мемлекеттік шекаралар аясынан шығып отыр. Сондықтан олар бірлескен ғылыми тәсілдер мен келісілген шешімдерді талап етеді», – деді Ақылбек Күрішбаев.

ҚР ҰҒА президенті Каспий мәселелері бойынша жұмыстың үш негізгі бағытын айқындады. Біріншісі – жасанды интеллект, спутниктік деректер және геоақпараттық технологияларды пайдалана отырып, теңіздің жай-күйін мониторингтеу мен болжаудың бірыңғай жүйесін құру. Екіншісі – су теңгерімінің ғылыми негізделген сценарийлерін әзірлеу және жағалау аумақтарын өзгерістерге бейімдеу. Үшіншісі – Каспий экожүйесі мен биоалуантүрлілігін сақтауға бағытталған бірыңғай ғылыми бағдарлама қалыптастыру.

Осы бағытта ҚР ҰҒА-ның су ресурстарын кеңістіктік-уақыттық талдау мен басқаруға арналған DeepBas интеграцияланған интеллектуалдық платформасын әзірлеу жөніндегі жұмысы таныстырылды. Платформа аясында қалыптасқан тәсілдерді алдағы уақытта Каспий өңірінің міндеттеріне бейімдеп қолдануға мүмкіндік бар.

Конференция барысында «жер – су – энергия – биоалуантүрлілік Nexus» қағидатына негізделген пәнаралық зерттеулерді дамытуға да ерекше назар аударылды. Бұл тәсіл табиғи ресурстарды, энергетиканы, шаруашылық дамуды және экологиялық тұрақтылықты өзара тығыз байланысты біртұтас жүйе ретінде қарастыруға мүмкіндік береді.

Алғаш рет Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының басқаруымен Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің (KazNARU) базасында Қазақстан-Неміс NEXUS институты ашылды. Бірегей ғылыми-білім беру алаңы шетелдік серіктестер – Қазақстан-Неміс университеті және Ханнс Зайдель қорымен тығыз ынтымақтастықта құрылды.

Институттың негізгі миссиясы – су ресурстарын басқару және климаттың өзгеруі салаларында жоғары білікті мамандар даярлау, сондай-ақ ғылыми жобаларды жүзеге асыру. Сонымен қатар NEXUS базасында Германияның озық тәжірибесін ескере отырып, су секторын цифрландыру жөніндегі өңірлік бағдарлама іске қосылады. Бұдан бөлек, бүкіл Орталық Азия үшін трансшекаралық су ресурстарын үйлестірудің тиімді моделін әзірлеу көзделіп отыр.

Халықаралық конференция жұмысына Қазақстан-Неміс университетінің, дипломатиялық корпус пен халықаралық қорлардың өкілдері, сондай-ақ Германия, Финляндия және Қазақстанның жетекші сарапшылары қатысты.

2 қазанда конференция практикалық воркшоппен жалғасады. Оның қорытындысы бойынша Каспий теңізінің экожүйесін сақтау және қалпына келтіру жөніндегі ғылыми негізделген ұсынымдарды қамтитын талдамалық жазба әзірлеу жоспарланып отыр.

Халықаралық конференция ғылыми ынтымақтастықты нығайтуға, Каспий теңізін ұзақ мерзімді перспективада сақтауға және бүкіл өңірдің орнықты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған нақты әрі қолданбалы шешімдерді әзірлеудің маңызды алаңына айналды.

 

БАҚ өкілдері үшін: Алиханов Қуантар Дәуленұлы, +7 775 943 0305

НАН РК